«Домбыра үні - ұлттың үні» мәдени шарасы
2025 жылдың 6 шілде күні “Ұлттық домбыра” күніне орай Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Домбыра үні – ұлттың үні» атты тағылымды мәдени шара және уақытша көрме ұйымдастырылды. Шараның мақсаты – ұлттық құндылықтарды насихаттау, қасиетті қара домбыраның рухани, тарихи және мәдени мән-маңызын көпшілікке кеңінен таныстырып, оның қадір-қасиетін ұғындыру.
Іс-шараға елімізге танымал өнер және мәдениет қайраткерлері, музей ардагерлері мен қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Олардың қатарында ҚР «Мәдениет қайраткері» Құттыгерей Дүйсеев, ҚР "Білім беру ісінің үздігі" Ерлан Сақтанов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мекес Төрешевтің жұбайы Жақсыгүл Төрешова, ҚР білім беру ісінің үздігі Ерлан Сақтанов, домбыра жасаушы шеберлердің ұрпақтары Сәния Молдашева, Ыбырай Лекеров, Нұрлыбек Бисембаев, музей ардагері Светлана Нұрпейісова, «Атырау» газетінің бас редакторы Назарбек Қосшиев, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы Атырау филиалының қызметкерлері, күйшілер мен термешілер болды. Мерекелік шара барысында ҚР «Мәдениет қайраткері» Құттыгерей Дүйсеев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мекес Төрешевтің жұбайы Жақсыгүл Төрешова және Ұлы Отан соғысының ардагері, домбыра шебері Тыныбай Лекеровтің ұлы Ыбырай Лекеров өз сөздерінде шараның маңыздылығына тоқталып, ұлттық өнерге деген құрметтерін білдірді. Сондай-ақ жергілікті өнерпаздар Халықаралық «Талант» сыйлығының иегері Ж.Базарбаев «Махамбеттің» термесімен, республикалық байқаулардың лауреаты Б.Каримов Құрманғазы Сағырбайұлының «Төремұрат» және Қаршыға Ахмедияровтың «Атырау» күйімен көрермендердің жүрегін тербетіп, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілікті оятты.
Шара соңында көрермендер назарына музей қорындағы домбыралардан жасақталған уақытша көрме ұсынылды. Көрмеге музей қорына алғаш 1975 жылы Махамбет ауданы, Сорочинко аулының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Т.Лекеровтің өте сирек кездесетін аса құнды сүйекпен, күміспен өрнектелген домбырасы (XIXғ), этно-экспедиция барысында 2023 жылы музей қорына қабылданған домбыра жасау шебері Сақып ұстаның домбырасы (XIXғ), халық шебері Уахап Нарешевтің домбырасы, ұлттың ұлы данышпаны Абай Құнанбайұлының домбырасының көшірмесі, Нұрғиса Тілендиев, Қаршыға Ахмедияров, Әзидолла Есқалиев, Айгүл Үлкенбаева, Секен Тұрысбек, Асылбек Еңсепов сынды өнер майталмандары мен зиялы қауым өкілдері қолданған және домбыра жасаушы шеберлердің құнды домбыралары қойылды. Бұған қоса, бес ішекті қос мойын домбыра, айтыс додаларында жеңіс әкелген домбыралар және шеберлердің қолынан шыққан бірегей аспаптар да көпшілікке таныстырылды.












