Зерттеу жұмыстары





Қарабау–2 қорғанындағы 2025 жылғы археологиялық қазба жұмыстары



      16 тамыз – 16 қазан аралығында Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің археологиялық экспедициясы Қызылқоға ауданы, Қарабау ауылының солтүстігіндегі Қарабау–2 қорғанында қазба жұмыстарын жалғастырды. Қарабау қорғандар тобы 2005 жылы ашылған және 7 қорғаннан тұрады. Қарабау–2 обасының жалпы диаметрі – 70 м, биіктігі – 2,5 м. Қорғанның айналасы ормен қоршалған.

     2023–2024 жылдары аралығында жүргізілген қазбада 8 қабір ашылып, 1000-ға жуық жәдігер табылды. Оның 100-ге жуығы алтын бұйымдар. Ал биылғы маусымда 2 қабір – №5 және №10 қабірлер толықтай зерттеліп, бірқатар құнды олжалар табылды: №5 қабір – қорғанның солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Қабірден адамның қаңқасы, алтын алқа, алтын білезіктер, барыс бейнелі күміс жапсырмалар, қола тостаған, қола жебе ұштары (200 дана), қола айна, темір семсер мен ат әбзелдері табылды. №10 қабір – қорғанның шығыс бөлігінде орналасқан. Бұл жерден алтын моншақтар (8 дана), қола айна, жебелер, ұсақ өңделген тастар, темір бұйымдар мен семсердің тот басқан сынықтары алынды. Табылған жәдігерлер б.з.д. IV–III ғасырларға, сақ-сармат кезеңіне жатады.