Зерттеу жұмыстары





Ақтөбе-Лаэти қалашығында археологиялық зерттеу жұмыстары аяқталды



16–30 тамыз аралығында Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің жылдық ғылыми-зерттеу жоспарына сәйкес, Жайық өзенінің төменгі ағысында орналасқан Алтын Орда дәуірінің маңызды тарихи-мәдени ескерткіші — Ақтөбе-Лаэти қалашығында археологиялық қазба және барлау жұмыстары жүргізілді.

Зерттеу жұмыстары үшжақты ғылыми ынтымақтастық аясында Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты (Қазақстан Республикасы) және А.Х. Халиков атындағы Археология институтымен (Татарстан Республикасы, Ресей Федерациясы) бірлесіп жүзеге асырылды.

Далалық зерттеу жұмыстарының нәтижелері:

▪️ Қалашықтың солтүстік-батыс бөлігінде жалпы аумағы 160 шаршы метрді құрайтын археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді.

▪️ Мәдени қабаттан тұрмыстық-шаруашылық шұңқырлар, ортағасырлық қыш ыдыстардың сынықтары, мал мен балық сүйектері анықталды. Бұл олжалар қалашық тұрғындарының шаруашылығы мен күнделікті тұрмыс-тіршілігін зерттеуде маңызды дерек болып табылады.

▪️ Ескерткіштің аумағы мен мәдени қабатының таралу ерекшеліктерін анықтау мақсатында әрқайсысы 2 × 2 метр болатын 12 барлау шурфы салынды. Шурфтар 3 метрге дейінгі тереңдікте зерттелді.

▪️ Сонымен қатар, қазба алаңының жоғарғы қабатынан екі кейінгі жерлеу орны тіркелді.

Зерттеу барысында жиналған археологиялық материалдар мен остеологиялық қалдықтар камералық өңдеу, типологиялық жіктеу және ғылыми-зертханалық сараптама жүргізу үшін ҚР ҒЖБМ Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтына жолданды.

Жүргізілген жұмыстар Ақтөбе-Лаэти қалашығының ортағасырлық шаруашылық-тұрмыстық құрылымын зерделеуге, тарихи-мәдени ескерткіштің аумағын нақтылауға және оны қорғау мен сақтау шараларын ғылыми тұрғыдан негіздеуге мүмкіндік береді.